Әлқожа ата кесенесі, ХІІ-ХІІІ ғ.

әлқожа

Әлқожа ата кесенесі, ХІІ-ХІІІ ғ.

Кесене Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен 2,5 шақырым шығыста орналасқан. ХІІ-ХІІІ ғасырлар шамасында салынған кесененің негізгі құрылысынан тек қана құлпытас сақталған. 1998-1999 жылдары кесенеге «Казреставрация» мекемесі тарапынан қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген.
Екі күмбезді кесене қабірханадан, зияратханадан және мешіт бөлмесінен тұрады. Құлпытасы қойылған қабірханада 5 қабір белгіленген. Олар атаның балаларының қабірлері деген дерек бар. Ел аузындағы аңыздар мен хикаяларда Әлқожа ата Қожа Ахмет Яссауидің күйеу баласы, яғни Гауһар ананың жолдасы болғандығы, өз заманында ілімділігі мен әділеттілігінің, ақиқаттың ақ туын берік ұстаған ғұламалығының арқасында әулие дәрежесіне жеткендігі айтылады.

Жергілікті халық атаны «Әли Хожа» немесе «Әли Хожа Әмір Диуана (Мәжнүн)» деп те атайды. Бүгінгі таңда Әлқожа атаның қабірі басына тұрғызылып, қайта қалпына келтірілген кесене зиярат орны мен мешіт қызметін қоса атқаратын орынға айналған.

Кесене орналасқан жерінің географиялық координаты 43.290474, 68.285559.