Имам Марқозы (Көктонды әулие) кесенесі, ХІХ ғ.

марқозы, түркістан, кентау, кесене
Имам Марқозы кесенесі ХІХ ғасырда шикі кірпіштен салынған дәстүрлі сәулеттік құрылыстардың бірі. Түркістан қаласы, Ясы ауыл әкімшілігіне қарасты Еңбекші дихан ауылы шетіндегі қорымда орналасқан. Қорымды жергілікті халық «Көктонды ата әулие қорымы» деп атайды.

Кесене қорым ішіндегі биіктеу төбеге орналасқан. Кесененің жалпы көлемі 10 х 12 метр, алдындағы 4 метрлік алаңы цементтелген. Кірер есігі алдында оң мен солға жүретін бір метрлік кіші дәліз бар. Оң дәлізбен жүріп айналмалы баспалдақ арқылы төбеге шығады, сол қанаттағы дәліз арқылы 4 х 3 метрлік бөлмеге, одан 6 х 3 метрлік тілеуетханаға өтеді. Тілеуетхана бөлмесінің ортасына 1,0 х 0,90 метрлік темір торлы терезе қойылған. Терезе арқылы Имам Марқозының қабірі қойылған қабірхана бөлмесі көрінеді. Көктонды атаның өз аты туралы ел ішінде екі түрлі пікір қалыптасқан. Бірі – Имам Марқозы (Марғұзи, Мерғазы, Мәруази). Екіншісі – Баба Машин. Аңыз-хикаяларда Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи заманында өмір сүріп, ол кісінің зікіршісі болыпты әрі осы өңірге Ислам дінін насихаттап, ел ішінде емшілікпен айналысқан таза жан болыпты деседі. Аяғына кебіс, үстіне үнемі көк тон киіп жүруіне байланысты Көктонды ата атанып кетіпті.

Жылаған ата бұлағы мен үңгірі


Жылаған ата үңгірі – Түркістан қаласынан 80 шақырымдай жерде орналасқан. Қаратау жотасының Жылаған ата шатқалында, Абай елді мекенінен солтүстікке қарай Жылаған ата өзені бойындағы үңгір. Ол бір кездері тау жартастарының құлауынан пайда болған. Шатқалдан төмен түскенде өзеннің сол жағалауында қуыс көрінеді. Осы қуыстан оқтын-оқтын су атқылап тұрады.
«Жылаған ата» үңгірі туралы аңыздың түбі бір болғанмен, бірнеше нұсқамен айтылады. Мәселен, оның бір нұсқасында ертеректе Қарт Қаратаудың баурайын мекен еткен бір кісі жалғыз перзентке зар болыпты. Ертелі-кеш Аллаға дұға қылып, жалынып-жалбарынып бала сұрайды. Сонда әлгі кісі «Бір нәрсе бере гөр, бір нәрсе берсең болды!» дей береді екен. Әдетте адам баласы Жаратқаннан сәби тілегенде «Мейірімді, саналы, ақылды бала нәсіп ет!» деп тілеу қажет деген осыдан қалса керек.
Екінші бір аңызда: Әулие-әнбиелердің басына әйелі екеуі түнеп жүріп, бір күні әйелі құрсақ көтереді. Айы-күніне жетіп, толғатып, әйел іркілдеген мес туыпты. Мұнан соң әйел түн ішінде: «Құдайдан күндіз-түні тілегенім бұл емес еді ғой!» деп жылап-еңіреп месті құшақтап үйден шығып кетеді. Тау-тастың арасында месті көтеріп, он екі жыл бойы көзінің жасы көл болып, каңғыл жүре береді. Күндердің күнінде әйелдің қолындағы мес жерге түсіп кетіп, жарылып, іщінен бала жылап шығып, жартастар арасымен қаша жөнеледі. Анасы «Балам, «оқташы!» деп жалынып соңынан жүгіре береді: Бала: Артымдағы анам шөлдеп келе жатыр ғой» деп асасын жерге бір ұрып бұлақ ашып кетеді. Сол қашқан бойы бір үңгірге кіріп кетеді. Анасы ары шақырады, бері шақырады, бала тек үңгірден ішінен: «Ана, мені іздеме, үйге қайта ғой» деп үн береді, бірақ өзі шықпайды. Анасы оны қимай, сол үңгірдің жанынан кетпей жүре береді. Бір кезде бала үңгірден шығып: «Ана, мен ақыреттік баламын, бұл жерде жүре бермей, еліңе қайт, мен бәрібір енді жоқпын, менің мекенім – осы жер, осы үңгір» дейді. Анасы жалығанмен бала көнбейді. Анасы «Құдайдын жазғаны осы шығар» деп ойлап, баласына: «Жарайды, мен кетейін» дейді жүрегі қан жылап тұрып. Бала: «Тек артыңа қарама, жалғыз тілегім сол» дейді. Анасы ақыры күдәр үзіп, таудан шыққан соң әлі де қимай, артына жалт қарайды. Артына қараса, қызыл су оны өкшелей басып келе жатыр екен. Әйел артына қараған заматта қызыл су жеріне сіңіп кетеді. Егер әйел артына қарамағанда, сол құла түз дала жайқалған жасыл желек болады екен. «Жылаған ата» деп бала кіріп кеткен үңгір сол уақыттан бері аталып келеді. Қазіргі күнде ол жерге көп адамдар зиярат етіп барады. Мұны аңыз десек те, сол үңгірдің кіре берісінде жалаң аяқ баланың іздері тасқа басылып қалған. Үңгір кәдімгі сарқырама секілді. Бірақ сарқырамадан үнемі су ағып тұратын болса, «Жылаған атадан» су үнемі ақпайды Басына барып Құран оқыған адамға ақпайды», – деп түсіндіреді ақсақалдар. Сол үңгірді жағалап жүре берсеңіз, бір жартас тік болып келіп, одан тамшылап су ағып тұрады. Оны «Жылаған атаның анасының көз жасы» дейді. Жылаған атаның местен шыққан жері, мес түскен жер «Мес әулие» деп аталады. Ол жерді де жергілікті халық киелі жер деп санайды. Жылаған атаның суы бір адамға ағып, екінші бір адамдарға ақпайтыны – дегенмен де жұмбақ құбылыс.
Тағы бір нұсқасында: зайыбы дөп-дөңгелек мес (қарын) босанған соң, аң-таң болған жұбайлар тез арада молда шақыртады. Сонда молда: «Бұл тегіннен тегін емес, Алланың сынағы болса керек. Жұбайын месті етегіне салып, қырық бір күнге дейін шыдамдылық танытып, түсірмей жүруі абзал» деп өз жөнімен кете береді. Бірақ, қырық күн толғанда тағаты таусылған ана жолдасына қарап, «Қашанғы месті көтеріп жүремін» деп етегін жазып жібереді. Сайдан сырғи түскен доптай, әлгі мес домалап жерге құлап, ортасынан қақ айырылады. Ішінен қолында асатаяғы бар күшкентай бала ытқып шығып: «Ата-анам, қырқына шыдап, қырық біріне шыдамадын ба?» – деп тауға қарай қаша жөнеледі. Артынан ата-анасы да қалыс қалмайды. Бала желаяқтай жеткізер емес. Таудың етегіне жақындай түскенде артына бұрылып қараса, ебіл-дебілі шыққан ата-анасын көреді. «Шөл қысқан болар» деп, аяушылық танытып, шар тәріздес дөңгелек тау тасын асатаяғымен түртіп қалады. Құдіреттің күшін қараңыз! Тастың дәл ортасы шытынап, үгіліп түседі. Сөйтіп бір қауға шелек сыятындай құдық пайда болады. Ішінен мөлдіреп су шығады. Содан бала жалаң аяқ құдықты айналшықтап, асатаяғымен айналасын түртіп, біршама жер қашықтықта қалған ата-анасын күтіп тұрады. Ахылеп-ухылеп жетуге таяп қалғанда, қайтадан тұра қашады (құдықтың айналасында баланың кішкентай іздері мен асатаяғының орны тасқа таңба басқандай өрнектеліп қалған). Бұл жолы бала таудың биік шыңына қарай өрмелеп, бейтаныс бір үңгірге біржолата еніп кетеді. Жалғыз перзентінен қол үзген ата-анасы егіле жылап қала берді. Міне, содан бері бұл жер «үңгір) «Жылаған ата» деп аталып кеткен.
Судың дәмін бір татып көрген адам қайта-қайта ішкісі келіп тұрады екен. Бірақ суды ыдысқа құйып қайнатып ішуге болмайды. Ондай кезде су бірден көзден ғайып болады. Кезінде геологтар ұзынқұлақтан осы үңгірдің құдіреті туралы естіп, «жай ғана теңіздің толқыны болса керек» деп Жылаған атаның басына келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Үңгірден атқылаған судың қайдан пайда болғанын анықтау үшін екі ай уақыт жүреді. Бірақ осы аралықта бірде-бір рет үңгірден су шықпайды. Сонда басын шайқап таңғалған зертттушілер «Бұл – шыныда да Құдіреттің күш!» деген екен.
Бір күні бір жігіт ағасы ниет етіп үңгірдің басына түнейді. Ертесіне бір молданың намазға жығылғаның көріп, қасына отыра кетіп, ішінен дұғасын оқыды. Кенет арт жағынан нәрестенің шықылықтаған даусы естіледі. Жалт етіп бұрылып қараса, кішкентай бала құммен үйшік жасап, соны қызықтап отыр екен. Орнынан атып тұрған жігіт балаға жақындай бергенде, ол бірден үңгірге кіріп кетеді. Содан соңынан ілесуге тырысқан жігіт үңгірден аттай бере, ортада қысылып, шыға алмай қалады. Сөйтіп молдалар шақыртып, құран оқытып, әзер дегенде шығарып алған.
Міне, «Қырқына шыдап, қырық біріне шыдамадың ба?» деген сөз осыдан қалған.
Үңгірдің оң жағында кішігірім кесене – сопа салынған. Аңыз әңгімелер бойынша, осы сопада түнеген құрсақ көтермеген әйел нәрестелі болады екен. Табиғатпен үйлесім бұзылмаған жердің қасиетіне дау жоқ. Рухани қастерлі жерлердің керемет энергетикасы болуы заңды, қазақ халқы мұндай тылсым жерлерді бір сөзбен әулиелі жер деп атайды.