Имам Марқозы (Көктонды әулие) кесенесі, ХІХ ғ.

марқозы, түркістан, кентау, кесене
Имам Марқозы кесенесі ХІХ ғасырда шикі кірпіштен салынған дәстүрлі сәулеттік құрылыстардың бірі. Түркістан қаласы, Ясы ауыл әкімшілігіне қарасты Еңбекші дихан ауылы шетіндегі қорымда орналасқан. Қорымды жергілікті халық «Көктонды ата әулие қорымы» деп атайды.

Кесене қорым ішіндегі биіктеу төбеге орналасқан. Кесененің жалпы көлемі 10 х 12 метр, алдындағы 4 метрлік алаңы цементтелген. Кірер есігі алдында оң мен солға жүретін бір метрлік кіші дәліз бар. Оң дәлізбен жүріп айналмалы баспалдақ арқылы төбеге шығады, сол қанаттағы дәліз арқылы 4 х 3 метрлік бөлмеге, одан 6 х 3 метрлік тілеуетханаға өтеді. Тілеуетхана бөлмесінің ортасына 1,0 х 0,90 метрлік темір торлы терезе қойылған. Терезе арқылы Имам Марқозының қабірі қойылған қабірхана бөлмесі көрінеді. Көктонды атаның өз аты туралы ел ішінде екі түрлі пікір қалыптасқан. Бірі – Имам Марқозы (Марғұзи, Мерғазы, Мәруази). Екіншісі – Баба Машин. Аңыз-хикаяларда Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи заманында өмір сүріп, ол кісінің зікіршісі болыпты әрі осы өңірге Ислам дінін насихаттап, ел ішінде емшілікпен айналысқан таза жан болыпты деседі. Аяғына кебіс, үстіне үнемі көк тон киіп жүруіне байланысты Көктонды ата атанып кетіпті.