Бәйдібек би кесенесі



Қарашаұлы Бәйдібек (VI-VII ғғ.) – Жетісу алабындағы көшпелі тайпалар көсемі. Ұрпақтарының айтуынша, туған жері Ташкент. Қарату өлкесінде өмір сүрген. Ақыл-парасатымен, ерлік істерімен елге ұйытқы болған тарихи тұлға. Өз заманында көшпелі елдің басын біріктіріп, елді, жерді сыртқы жау шапқыншылығынан қорғауды ұйымдастырушы және бастаушы, ақылшы, қолбасшы ретінде көрінетін аса ірі тарихи тұлға болған. Ел ішіндегі қария сөздер – ауызша тарихнама бойынша, Ұлы жүздің үйсін бірлестігінің құрамындағы албан, суан, сарыүйсін, шапырашты, ысты, ошақты тайпалары Бәйдібекті өздерінің түп атасы деп біледі. Бәйдібек би жалпақ жатқан Жетісуды, Арыс өзенінің шұрайлы алқаптарын, Қаратау мен Ташкент алабын қоныс етіп, ондағы ру-тайпалардың бас біріктіруіне, ұлы жүзге ұйытқы. Ел болып ұйысуына ықпал еткен. Ел халқына жайлау таңдау мақсатымен Қаратаудың құйқалы күнгейі мен Боралдай, Қазығұрт тауының шұрайлы жерлеріне көшіп жүрген. Ел аузында Бәйдібек бабаның некелеп алған үшінші жары Нұриланың Қыдыр дарып, бақ қонған асыл текті Домалақ анаға айналғаны туралы шежірелі әңгімелер көп сақталған.
Бәйдібек Қарашаұлы қазіргі Бәйдібек би елді мекенінде дүниеден өткен. Сүйегі балабөген өзенінің жағасында жерленген. Оның өмірі, заманы, өскен ортасы жайлы тарихи деректемелер негізгі Қазақ елінің шежіресі, ел ішінде сақталған аңыз-әңңгіме және әйгілі Шығыс зерттеушісі ғалым-этнограф Николай Аристов. Шоқан Уәлиханов жазбалары арқылы баяндалады. Бәйдібек би кесенесі Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданы, Бәйдібек ата ауылының аймағында орналасқан. 1996 жылы Бәйдібек Қарашаұлының Қарахан дәйуірі үлгісіндегі Балабөген өзенінің биік жағалауында ежелден сақталған көне мазар күмбезінің орнына, жаңа үлгіде қайта салынды.
Бәйдібек ата кесенесін салуға Самарқанд, Ташкент, Сайрам, Шымкент шеберлері қатысқан. Бәйдібек кесенесінің күмбезбен көмкерілген ғибадат бөлмесіне Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы НАзарбаев ұлы баба рухына арнап, салмағы 6 тонна бесік мүсінді ақ мәрмәр құлпытас қойған.
Бәйдібек, Домалақ ана кешендерінде 2000-2001 жылдары жүргізген қазба жұмыстары тарихи тұлғалардың қоғамда алар орнына, өмір сүрген заманына қатысты толымды дерек-мағлұматтар беріп отыр. Солардың ішінде VI-VII ғасырда шығарылған тиын теңгелер Бәйдібек пен оның жұбайы Домалақ ананың өмір сүрген заманына, олардың әлеуметтік мәртебесіне елеулі айғақ ретінде ден қойдырады. Халық жады арқылы атадан балаға жалғасып жеткен қария сөздер Бәйдібектің ел қамы, халық таңдырына қатысты істерге ұйытқы болып, көреген көсемдігімен жұртқа ықпал еткен тарихи тұлға екенін танытады.

0 comments

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.