СОЗАҚ ҚАЛАШЫҒЫ



Қазақ хандығының қалыптасып, даму тарихында елеулі орын алған Созақ қаласының орны Қаратаудың теріскей беткейіндегі қазіргі Созақ ауылының жерінде жатыр. Созақ – Қазақ хандығының ең бірінші астанасы болған қала. 1465-1469 жылдар аралығында Керей мен Жәнібектің ордалары осы қалада тігілген екен. Әбілқайыр ханның ханның өлімінен соң басталған билік үшін таласта Созақ қаласынан хан ордасы көшірілген. Осыдан-ақ екі мың жылдық тарихы бар бұл қаланың ерекше мәнге ие болғанын көреміз. Археологиялық зерттеулер Созақ қаласының тарихы тереңде жатқанын, шамамен екі мың жылдықты құрайтынын айтады. Қазақ хандығының дамып, өркендеуінде ерекше үлес қосқан. Созақ қаласының орын тепкен жері Қаратаудың басында, қазіргі Созақ ауылының тұсында болған. Бұл жерде орта ғасырға жататын екі қаланың орны бар екен. Алғашқысыныңаты Тарсатөбе деп аталады. Қала қазіргі ауылдың солтүстік-шығысына қарай орналасқан. Ал келесісі ауылдың ортаңғы жағындағы жергілікті халық «Өргешігі» деп атайтын бұрынғы Созақтың орны. Ауылда бір емес екі бірдей қаланың ізі жатқанын тұңғыш айтқан қазақтың кемеңгер зерттеушісі Әлкейь Марғұлан болатын. Оның жұмыстарының нәтижесі алғашқы қаланы ҮІІ-ХІІ ғасырларға жатқызады, ал Созақта ХІІІ-ХҮІІІ ғасырлардың аралығында тіршілік болған дейді. Өткен ғасырдың орта шегінде жүргізілген тағы бір археологиялық жұмыстар Тарсатөбе қаласын сонау біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ – біздің заманымыздағы ІХ ғасырлар аралығында гүлденген қала деген пікірге келді.
Қалашықтағы тіршілік ХХ ғ. 50-жылдарына дейін жалғасқан. Созақ қаласының аты жазба деректерде алғаш рет ХІІІ ғасырдың ортасында армян патшасы Гетумның моңғолдың ұлы ханы Мөңкеге кездесу үшін жасаған сапарымен байланысты аталады. Елшілік моңғол астанасы Қарақорымнан қайтқан сапарында Хутухчин, Пергант, Сухул-хан, Уросо-хан, Кайкант, Хузақ, яғни Харчух тауы арқылы Сгнах пен Совран, Харчух, Асон, Отырар, Зернук арқылы Дизакқа жеткені жайлы жолжазбада көрсетілген.
Созақ қаласы осы аймақтағы басты қалалардың бірі болды. Қала көшпелі, жартылай көшпелі тіршілік кешкен малшылар мен ірі өзен-көлдердің жағалауларын мекендеген егіншілік пен сауданы басты кәсіп еткен отырықшы мәдениеттің түйісетін белдеу саналған Қаратаудың солтүстік беткейіндегі жолақта орналасқан. ел ішінде сақталған аңыз-әңгімелерде малдарын сатып, азық-түлік, киім-кешек тұрмысқа қажетті заттар мен бұйымдар алып қайту үшін далалық малшылар Созақтың базарына жиі келетін болған. Керісінше, Қаратаудың арғы бетіндегі ірі оазистерді мекендеген егіншілер, қолөнер шеберлері мен зергерлер өз тауарларын мал өнімдеріне айырбасау үшін Созақтағы жәрмеңкеге келеді екен. Тауарды алмастыру үшін нақты теңгенің қажеттілігі де болмаса керек. Көпшілік жағдайда сатушы мен алушы еркін айырбаспен сауда жасаған.
Оңтүстік Қазақстан облысының археологиялық экспедициясы жасаған зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Созақ қаласы ХІҮ-ХҮІ ғасырларда гүлденіп тұрған. Ал археолог-зерттеуші Ерзакович аталған қалашықты Х-ХІХ ғасырлардың арасында болған 5 құрылыс қабатынан тұрады деп тұжырым жасады. Ал кейінірек 1982-1983 жылдары жасалған археологиялық топтың зерттемесі Созақ қаласын Х-ХҮІІІ ғасырларда өмір сүрген дейді. 1945 жылдан кейінгі зерттеу жұмыстарында біраз кемшіліктер орын алған, оның себебі техникалық жабдықтардың сапасы төмен болғанымен түсіндіріледі. Соңғы жасалған зерттеулер қалашықтың осы күнге дейін сақталып қалған бөлшегі цитадель және шаһристаннан тұратындығын жеткізді. Сондай-ақ қаланың цитаделі күнбатыс жағындағы биіктеу тұсында болған екен. Айналасы қоршалып салынған қабырғалардан қалған іздер ол орынның қақпа болғандығынан хабардар етеді. Ал қара халық тұрған рабадтар қазіргі тұрғын үйлердің астында қалып кеткен.
Ал қаланың нағыз көркейген тұсы Қазақ хандығының құрылғандығымен тығыз байланысты. Археолог Ақышевтің мәліметінше, Созақ қаласы арқылы хандықтың басты қалаларына апаратын Суындық, Ақсүмбе секілді асулар өткен. Міне, сол себепті де бұл қала сауда-экономикалық маңызға ие болған. Созақ – Қаратаудың теріскейінінде Дешті қыпшақтың даласынан Түркістан мен Отырарға, Сауран мен Сайрамға, батыс жақтағы Аралдың маңайындағы қалаларға, Шу мен Таластағы ірі орталықтарға апаратын жолдың түйісер тұсында орналасқандығымен маңызды. қазақ хандығының тірегі ретінде Созақтың маңызды орталық болғандығын көруге болады.
Жоңғар шапқыншылығы кезінде Созақ ірі бекіністің біріне айналды. Жоңғарлардың жойқын шабуылдарына төтеп беріп жатқан қазақ әскерлерін азық-түлікпен, қару-жарақтармен қамтамасыз етіп отырған. Созақтың ірі қала болғандығы тіпті орыс жазбаларында да ұшырасады.
Әбілмәмбет ханның тұсында (1743-1745 жж.) Созақ Отырар, Түркістан, Сауран, Өгізтаумен бірге Қазақ хандығының басты орталық қалаларының бірі болғандығы орыс деректерінде айтылады.

0 comments

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.