Аппақ ишан мешіті



Түркістан қаласынан ағайынды ишандар – Қосым және Құлатай деген арабша көп оқыған, ислам діні жөнінде жеткілікті білімі бар кісілер Шаян ауылына келеді (Бәйдібек ауданының орталығы). Олардың мақсаты қарапайым қазақ бабаларының сауатын ашып, ислам діні арқылы қалың елді сабырлыққа шақырып, имандылыққа ұйыту болатын.
Алғашқы кезде олар көптің көмегімен асарлатып осы мешіттің орнына қам кірпіштен шағын ғана мешіт тұрғызады. Шаян ауылынан мешіт медресе ашылғанын естіген халық, жан-жақтан ағыла бастайды. Шағын мешітте шәкірт тәрбиелеу үшін кең бөлмелер қажет болғандықтан, Қосым ишанның баласы Сейдахмет патша ағзамның шенеуніктеріне қайта-қайта барып жүріп, күйдірілген қыштан мешіт-медресе тұрғызуға рұқсат алады. Бірақ 29 құжырадан бөлек дәрісхана мен азанхана құрылыстарын салу да қоса жүргізілген. Мешіт-медресенің үш комплексті құрылысы бірнеше жылдарға созылған. Сонымен Шаян ауылындағы мешіт-медресені Қосым баба бастап, баласы Сейдахмет жалғастырып, немересі Аппақ ишан аяқтайды. Мешіт, дәрісхана, құжыралар бірінен-бірі бөлек салына отырып барлығы тұйық төрт бұрышты бір алаңға жинақталған. Сөйтіп мұнда стилистикалық бірлік сақталған. Мешіт-медресенің құрылысына ағаш материалдары қолданылмаған. Күмбездер еуропалық үлгідегі күйдірілген қыштардан өріліп шыққан. Мешіт және айван бөлігі аркалар – доға тәрізді жабын арқылы бөлініп 35 күмбез жасалынған. Бұл күмбездер уақытында дыбыс күшейткіш міндетін атқарған. Күмбездерді қай жағынан қараса да бірінен бірі биік, сатыланып жасалынған. Бас күмбез алыстан көз тартып ерекше сән беріп тұр. Шаяндағы Аппақ ишан мешіт-медресесі өз заманында Қазақстан бойынша ең ірі оқу орындарының бірі болған.

0 comments

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.