Домалақ Ана кесенесі



Домалақ ананың шын есімі – Нұрила. Ол ел ұранына айналған абыз аналардың бірі, түркістандық Мақтым Ағзам қожаның немересі. Домалақ ана 1378 жылы Түркістан қаласында өмірге келген. Кесенесі бастапқыда 1456 жылы күмбездері бар 4 қабырғалық мазар түрінде салынған. Құрылыс бірнеше рет қайтадан салынып, қазіргі уақытқа оның бастапқыдағы кейпі жетпеген. Кесене қазіргі кейпіне 1996 жылы сәулетші С. Тоқтамыстың жобасы бойынша күрделі қалпына Маңғыстаудан әкелінген ақ тастардан қалау жасалынған. Домалақ Ана кесенесінің сегізқабаттық күмбезі негізгі құрылыс үстінде орналасқан. Мазардың іші-сырты салынып, ақталған. Мазарға кіретін есіктегі қабырғада қазақ тілінде жазу бар: «Ақсұлтан қызы, Бабыжар Ұлы Ана құрметіне салынған ескерткіш». Әулие ананың қасиетін қастерлеген ұрпағының ана бейітіне ағылған ізі, салған жолы ескіріп көрген емес.
Атасы Мақтым Ағзамның өсиетімен он тоғыз жасында (1397) Бәйдібек биге тұрмысқа шығады. Бәйдібек би Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи мазарына жиі келіп жүргенде, оған бір көріпкелдігі бар кісі: «Осында төңірегі нұрланып, жарық шашып тұратын бір қыз бар, тегін ару емес, кие мен құт дарыған сол қызды асыл жар қылып, некелеп алыңыз», – деп ақыл берген көрінеді. Домалақ ене атанбас бұрын Нұрила үлкен бәйбішенің күндестігі мен қиянатынан талай жапа шегеді, өзінің ақыл-парасат, адамшылық қалыбымен ерінің сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленеді. Ел аузында жаудан тоғыз ұлы опат болып, құсадан күйген Бәйдібек бабаның тұқымын өрбіткен алтын құрсақты ана атанады.
Ел ішіндегі деректерге қарағанда, оған «Дихнат мама» деген атауды түп тегі түрікпен Қара Хайдар деген кісі қойған. «Дихнат мама» – парсы сөзі. Қазақ тілінде «Әулие ана» деген мағына береді.м»Дихнат мама» сөзі уақыт өте келе дыбыстық өзгерістерге ұшырап, «Домалақ анаға» айналған. Одан тараған ұрпақтарының бәрі де білімімен, ақылымен ерекшеленіп, ел билеген. Бұл күмбез-зират елдің арнайы келіп зиярат ететін орнына айналған.
Рубасылық ата тек пен ана тек туралы ел аузынан жазылған, ұрпақтары сақтаған дерек көздерін алаштың жылнамашысы Ақселеу Сейдімбек шежірелік аңыздар арқылы баяндайды. «Қыдыр дарып, бақ қонған Нұрила қызға бірде түсінде әулиелердің бірі аян беріп: «Кімде-кім алғаш білегіңнен қос қолдап ұстаса, тағдыр қосқан жарың сол болады депті».
Шежіре сөздің бірінде Нұрила (Домалақ ана, Домалақ ене) әу баста Бәйдібек бидің есігінде жүрген күңі еді дейді. Нұрила қыз бір күні қауға тартып тұрып құдыққа құлап кетіпті. Сол кезде ел аузына іліккен Бәйдібек би қанша күтуші-қызметшісі болса да, өз атын өзі суарады екен. Атын суарайын деп келсе, құдық түбінде дірдектеп тұрған Нұриланы көреді. Бәйдібек би дереу қауға тастап, Нұриланы саумалдай көтеріп, жақындай бергенде білегінен қос қолдап ұстап шығарып алады. Осы жолы Бәйдібек бидің Нұрилаға көзі түсіп, көңілі ауып еді» дейді.
Домалақ ананың қадір-қасиеті ерте-ақ танылған. Ел аузында ол кісі жөнінде аңыз-әңгіме көп. Солардың бірі мынадай: Бәйдібек заманында жайлауында үйір-үйір жылқысы, келе-келе түйесі, отар-отар қойы өрген, шығыс пен батысқа керуендер жүргізген асқан бай адам болған. Бірде Алатау асып келген қалың жау Қаратау жонын жайлап отырған Бәйдібектің ауылын шауып, сан мың жылқысын түре айдап кетеді. Бәйдібек бастаған ел азаматтары ауылда болмаса керек. Содан жау шапты деген хабарды естіп, Бәйдібек елден жасақ жиып, қасына үлкен әйелі Сары бәйбішеден туған алты ұлын алып, жауға аттанғалы жатқанда Нұрилә: «Бай-еке, малдың құты, жылқының иесі құла айғыр қолда қалды. Амандық болса, алты күннен кейін жылқы жауға қайыру бермей өзі ауылға келеді. Жауды қума, азаматтар аман болсын, осы тілегімді беріңіңз», – деп өз отауының белдеуінде матамен байлаулы тұрған, жүген-құрық тимеген шу асау айғырды көрсетіпті. Бірақ жауға көктенген батыр әйелінің тілін алмай, жасағын бастап жүріп кетіпті. Бәйдібек жасағы жауға Күйік асуында жетіп, қырғын ұрыс салыпты. Алайда жасанып келген жау аттанға ілесіп, атқа қонған аз жасаққа теңдік бермепті. Осы соғыста қаза тапқан алты ұлын Үшқарасай жазығына жерлеп, Бәйдібек кері қайтыпты. Арада алты күн өткенде байлаулы тұрған қала айғыр жер күңіренте дүлей күшпен кісінеді дейді. Сол күні кеш шамасында шығыстан қалың шаң көтеріліп, ұзамай Бәйдібектің қалың жылқысы көрінеді. Ереуілдеп барып, кері қайтара алмаған жылқыны Домалақ ана осылайша үйде отырып-ақ түгел қайтарып алса керек.
Домалақ ана қос Бөгеннің сағанасында бір жазыққа жерленген. Алғыс білдірген ұрпақтар осы жерде кесене салған. Аңыз бойынша Домалақ Ана кесенесінде екі киелі тас бар, оның арасынан тек тақуа адам өте алады.

0 comments

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.