«Әзірет сұлтан» тарихи-мәдени кешені


«Әзірет-сұлтан» тарихи-мәдени кешені-ақын, ислам дінінің көрнекті жазушысы, «Түркістан пірі» атанған ғұлама Қожа Ахмет Ясаудің құрметіне арнап Әмір Темір салдырған кесене (хакана) негізінде Түркістан қаласында 1991 жылы ашылған. Бүкіл түркі жұртының, мұсылман қауымының қадір тұтатын киелі орны. Қорық мұражай Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен бірге Үлкен қылует( жерасты мешіті, ХІІ ғасыр), Әулие Құмшық ата қылуеті (ХІІ ғасыр), Сегіз қырлы кесене (ХҮІ-ХҮІ ғасырлар), Ұлықбектің қызы, Әбілхайыр ханның зайыбы Рабиға Сұлтан Бегім кесенесі (ХҮ ғасырлар ), Есім хан кесенесі (ХҮІІ ғасыр), т.б. археологиялық, тарихи сәулет және бейнелеу өнерінің үздік ескерткіштерін қамтиды.
Сонымен қатар бұл қорымда қазақ халқының ардақ тұтқан кемеңгер адамдары, мемлекет қайраткерлері, елі үшін ерлік өмір сүрген қас батырлар жерленген.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – XIV ғасырдың тарихи-архитектуралық ескерткіші, Хазірет сұлтан музей кешенінің ең басты нысаны және маржаны. 1405 жылы Әмір Темірдің бұйрығымен әулие басына тұрғызылған мазар ретінде салынып біткен. 2000 жылы ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра ескерткіштері тізіміне кірген алғашқы ескерткіш. Кесене архитектуралық әсемдігімен ғана тамсандырмайды, мұнда жерленген әруақты адам Қожа Ахмет Ясауидің орны ерекше. Қазақ халқы үшін Қожа Ахмет дін мен дәстүрді үйлестіріп берген ғұлама. Қожа Ахмет Ясауи қазақ даласында суфизм ілімін таратушы алғашқы сопы-ұстаз. Оның ұрпаққа жеткен асыл мұрасы – «Диуани Хикмет» деп аталады, бұл кітап Құран Кәрімнің мағынасын өлеңмен берген нұсқасы, тәржіма демесе де, былайша, еркін тәпсір болып табылады: «Хақтан өзге сөз де сөйлемес болдым».
«Түркінің Қожа Ахмет кәміл пірі», – деп жырлады Балқы Базар жырау. Пір – Алла тағала мен адам арасындағы делдал, рухани байланысқа түсуші, өз өмірімен үлгі таратушы, саф тазалықты, пәктікті ұстануы арқылы шайтан билейтін нәпсісін жойып, Хақты мойындаушы ұстаз. Қожа Ахмет Ясауи халқына, ұлтына қызмет еткен, «әулие – даңғыл жолын» ұстаған, жақсы мен жаманның ақиқат пен жалғанның арасын айыруға жөн сілтеген, Алла рақметінің қоғамдағы көрінісі болып табылатын дана тұлға. Қожа Ахмет Ясауидің мұрасы – ұлттық мәдени, рухани құндылығымыз болып саналады. Орталық Азияда Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тең келетін сәулет өнерінің туындысы жоқ.
Киелі кесене мұсылман қауымы үшін кіші қажылық мекені, туристер үшін мәдени-тарихи ландшафт, халқымыз үшін рухани қазына, еліміз үшін мәдени-тарихи құндылық. Кешен құрамындағы мәдени-тарихи, архитектуралық ескерткіштер мемлекеттілік, діни, мәдени, ұлттық бірегейлігіміздің символы, рухани жұтандықтан сақтайтын ұлттық символдық қалқанымыз болып табылады.
Қазақ арасында кең тараған «Мәденида Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет» деген сөз оның Орталық Азиядағы ислам дінінің орталығы екенін айғақтайды.

Рабия Сұлтан Бегім кесенесі

Рабия Сұлтан бегім кесенесі – ортағасырлық сәулет өнері ескерткіші (XV ғ.). Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Оңтүстік-шығысында, 60 м жерде. Әмір Темірдің немересі, Ұлықбектің қызы, Әбілқайыр ханның әйелі, белгілі хандар Көкенші мен Сүйініштің анасы Рабия Сұлтан бегімге арнайы салдырған. Кесененің оңтүстік-шығыс бөлігінде жерасты қабірханаға кіретін есік бар. Қабірхана сыланып, боялған. Онда терімен қапталған ағаш табыттар қойылған. Рабия Сұлтан бегімнің табытында «бұл құдыреті Әмір Темір Көрегеннің ұлы, азапты ажалдан қаза тапқан, құдыретті, ұлы сұлтан Ұлықбек Гураганның қызы, ақсүйек, (құдай) кешіріп, рақымшылық жасаған, ізгі жасанды Рабия Сұлтан бегімнің тыныштық тауып жатқан жері» деген жолдар бар.
Рабия сұлтан бегім шамамен 1430-1495 жылдары өмір сүрген. Самарқан қаласында өсіп, жан-жақта білім алған. 1451 жылы Әмір Темірдің немересі Әбу Саид Самарқанда жаулап алғанда Әбілқайыр ханға көрсеткен әскери көмегі үшін Ұлықбектің қызы Рабия сұлтан бегімді ұзатқан. Әбілқайырмен 16 жыл отасып, 1468 жылы қайтыс болғанда, Әбілқайырдан Сүйініш және Кішкене деген 2 ұл табады. Рабия сұлтан бегім кезінде мемлекеттік істерді басқаруға қатысқан санаулы мұсылман әйелдерінің бірі болды. Тарихта белгілі Көшкінші және Сүйініш қожа хандардың анасы. 1495-1510 жылы баласы Көшкінші ханның пәрменімен оның баласына кесене тұрғызылған.

Үлкен Қылует

Үлкен Қылует – 1996 жылы Қожа Ахмет Ясауи өмірімен байланысты тарихи орын, жерасты мекені, сопылық орталық болып саналатын ХІІ-ХІХ ғғ. ескерткіш. Пайғамбар жасына жеткен (63 жас) Қожа Ахмет Ясауи жер астына түсіп, осы «Қылуетте» қалған өмірін өткізген. Қылует – ХІІ ғасырда салынып, ХХ ғасырдың бірінші жартысына дейін үздіксіз жұмыс істеп тұрған, жартылай жер астында орналасқан ортағасырлық діни құрылыстардың бірі.
Ғалымдардың айтуынша, «қылует» сөзі арабша «халуатун», яғни жекелену, оңашалану деген мағынадан шығып, Жаратушыға дүниеден бөлек, оңаша отырып құлшылық жасайтын орын деген мағына береді. Қ.А. Ясауи осы Қылуетте көптеген шәкірттер тәрбиелеп, Диуани хикмет сияқты еңбектерін жазып қалдырады. Жалпы саны 18 бөлмеден тұрады. Жерасты мегітінде үш есік бар. Құрылысты салу барысында діни әдет-ғұрыптарды орындауға қажетті және адам өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған.
Қылуетте Аллаға құлшылық жолы жалғасқан. Ясауи кесенесінен 150 м қашықтықта орналасқан қылует құрылысы ауқымды, төбесі жайпақ етіп жабылған, екі есігі бар. Қылует діни рәсімдерге, шаруашылық жұмыстарға арналған бөлмелерден тұрады. Ғибадат орны бірнеше кезеңде салынған, ең көне бөлігі – Гар (12 ғ.) 4 м тереңдіктегі шағын бөлме. Қабырғасы мен күмбезі шаршы кірпіштен қаланған, көне «балқы» жүйесімен өрілген. Қабырғаларында шырағдан қойылатын шағын қуыстар бар. Гар баспалдақ арқылы намаз оқитын залмен жалғасады. Соңғы зал төрткүл көлемді үй, төбесінде желдеткіш шаңырағы бар. Археологиялық зерттеулер көрсеткендей, кіші және орта залдар қылует құрылысының екінші кезеңінде (XV-XVII ғасырлар), ал басқа құрылыстар XVIII-XIX ғасырларда салынған.


Тәуке ханның жерленген жері

Жәңгірұлы Тәуке хан (1626-1712) – Қазақ хандығының ханы, Салқам Жәңгір ханның баласы. Шешесі – қалмақтың хошоуыт тайпасының билеушісі Күнделен тайшының қызы. Мұрагерлік жолмен Қазақ хандығының билік тізгігін қолға алған кезде (1680 ж.) Тәуке ел ағасы жасына келіп ақыл тоқтатқан, мемлекет ісіне араласып, мол тәжірибе жинақтаған билікті жан болатын. Сондықтан да ол таққа отырып, әке ісін алға жалғап, оның саясатын жүргізілмеген, оны жүзеге асыруға келгенде бұрынғы сүрлеумен кетпей, өзіндік жаңа жолмен жүрді. Тәукені өзге қазақ хандарынан ерекшелеп, оның шын мәнінде көреген басшы, ақылды реформатор екенін танытатын қасиеті де осы өзіндік жолмен жүруінде. Бұл ретте ол ұлы бабасы Қасымғанға қарай бейімделеді.
Тәуке ханның елі үшін сіңірген ерен еңбегі екі қырымен айрықша назар аударады. Бірі – елдің іргесін аман сақтауда сыртқы саясатты білгірлікпен жүргізіп, анталаған көп дұшпанға бел аудармағаны. Екінші – елдің ішкі жағдайын реттеудегі саяси-құқықтық тәртіпті орнатуы. Ол төңірегіне топтан торай шалдырмайтын, сыртқа сыңар сабақ жіп алдырмайтын, бір ауыз сөзімен жұртты жатқызып-өргізетін, беделімен елдің бірлік-берекесін кіргізетін ақыл иелерін жинап, халқын солар арқылы басқарды, ақыл-ой, парасат үстемдігін орнатты.
Тарих дерегі сол кезде Тәукенің қасында Ұлы жүз Әлибекұлы Төле, Орта жүз Келдібекұлы Қазыбек, Кіші жүз Байбекұлы Әйтеке, қырғыз Қарашораұлы Көкім, қарақалпақ Сасық би, қатаған Жайма секілді халықтың ішінен уақыттың өзі екшеп шығарған, даналық сөзімен, әділетті ісімен, қара қылды қақ жарған тура билігі мен аттары бұл күнде аңызға айналған атақты билердің болғаның айтады. Осындай алыптардың замана тынысын тамыршыдай тап басып танып, халықтың басын қосып, елдің бірлік-берекесін кетірер ішкі дау-жанжалды, барымта-сырымтаны тыйып, елді ынтымаққа ұстау мақсатында ой тоғыстырып, бір бағытта игілікті іс-қимыл жасау арқасында Қазақ хандығының жағдайы күртжақсарып, сыртқа айбарын асырды. Жұрт ерді ел қолдаса – береке, ханды ел қолдаса мереке екенін көрді. Сол себепті де Тәуке хан ел билеген кез – халық есінде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған», тыныш берекелі заман болып қалды.
Тәуке ханның тұсында тұрақты мемлекеттік органдар: хан кеңесі, билер кеңесі жұмыс істеп, жыл сайын үш жүздің шонжарларының съезін өткізу қалыптасты. Тарихқа «Жеті Жарғы» деген атпен енген Тәуке ханның заңдарын зерттеушілер қазақтардың бұған дейінгі қолданылып келген әдеттегі құқық нормаларының бір жүйеге келтіріліп, толықтырылған нұсқасы деп қабылдайды.

Абылай ханның жерленген жері

Абылай (Әбілмәнсұр) хан (1711-1781) – Қазақ Ордасының ханы, қазақ мемлекетінің тарихындағы аса көрнекті мемлекет қайраткері, арғы тегі Жошы хан, бергі бабалары қазақ ордасының негізін салған Әз-Жәнібек, одан соң еңсегей бойлы Ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан. Абылай – Жәңгір ханның бесінші ұрпағы. Жәңгір ханның Уәлибақы Тәуке деген екі ұлы болады. Жәңгір қайтыс болып, таққа Тәуке отырғанда Уәлибақы хандыққа өлпелеп, Үргенішті билеген нағашы атасы Қайып ханның қолына барады. Уәлибақаның баласы Абылай жекпе-жекке шыққанда жауы шақ келмейтін батыр болып, қанішер Абылай атаныпты. Осы Абылайдан көркем Уәли туады. Оның баласы әбілмансұр (кейінгі қазаққа хан болыпАбылай атанған) «ақтабан шұбырынды» жылдарында жетім қалып, үйсін Төле бидің қолына келеді. Аш-жалаңаштықтан жүдеген өңіне, өсіп кеткен шашына қарап Төле би оған «Сабалақ» деп ат қойып, түйесін бақтырады. Әбілмәмбет төренің жылқысын да бағады. Бұл, Шоқан Уәлихановтың айтуынша, Абылайдың 13 жасар кезі болса керек.
Дана Төле бидің тәлім-тәрбиесінде болуыАбылайға зор ықпал жасады. Қазақ даласының даналығын бойына жинаған баба ақылы мен парасатын, ел қабілетін, анталаған жауға қарсы қазақ халқы басы біріксе ғана тойтарыс бере алатынан жас баланың санасына ұялата білген. Оған қоса бала кезінен көрген жұпыны тіршілік, өмірлік тәжірибе Абылайдың ел өміріне ерте араласуына себепші болды. Бұқар жырау, Үмбет жырау, т.б. ауыз әдебиетінің ірі өкілдерінің мәліметтеріне қарағанда, Абылай жиырма жасында қан майданда ерлігімен танылған. Бұқардың Абылайға: «Сен жиырма жасқа жеткен соң, Алтын тұғыр үстінде Ақ сұңқар құстай түледің» деуі – осының дәлелі. Қай жылы туса да, 1730-33 жылдар аралығында болған бір ұрыста бұрын белгісіз жас жігіт Әбілмансұр жекпе-жекке шығып, қалмақтың бас батыры, қоңтажы Қолдан Сереннің жақын туысы (кейбір деректерде күйеу баласы) Шарышты өлтіреді. Бұл оның жұлдызды сәті еді. Үлкен әкесінің аруағын шақырып, жауға Абылайлап ат қойған Әбілмансұр аруағы асып, жеңімпаз шыққан ұрыстан соң, Орта жүздің сұлтаны деп танылып, қазақ даласындағы ең беделді әміршілердің біріне айналады. Бұдан соң Әбілмансұр есімі ұмытылып, Абылай атанады.
XVIII ғасырдың 30-жылдарының аяғында Абылай есімі бізге белгілі құжаттарда Әбілмәмбет ханмен қатар аталады. Орыс тарихшысы А.И.Левшин «1739 ж. Орта жүзде Сәмеке ханның орнына хан сайлаудан бұрын Әбілмәмбет пен Абылай екеуі бірдей хандық билік жүргізген», – деп жазды. Шоқан Уәлиханов осы пікірді қолдайды.
1771 жылы Әбілмәмбет хан дүние салғаннан кейін Түркістанда Абылайды хан көтереді. Абылай іс жүзінде жалғыз Орта жүздің ғана емес, бүкіл Қазақ ордасының ұлы ханы болды.
Абылай қаһарлы хан болуымен қатар, қазақ халқының рухани қасиетінен еркін сусындаған дарынды күйші ретінде де белгілі. Ол – «Ақ толқын», «Ала байрақ», «Бұлаң жігіт», «Дүние қалды» «Жетім торы», «Қайран елім», «Қара жорға» «Қоржынқақпай», «Майда жел», «Сары бура», «Шанды жорық», т.б. күйлердің авторы.

Қаз дауысты Қазыбек бидің жерленген жері

Дүниеден өткенде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қасындағы қорымда жерленгендердің бірі – Орта жүздің тарихындағы ел данасы Қаз дауысты Қазыбек би (1697-1764). Қазыбек Келдібекұлы – қазақ халқының XVII-XVIII ғасырлардағы ұлы үш биінің бірі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Орта жүз арғын тайпасының қаракесек руына кіретін болатқожа атасынан шыққан ол 1667 жылы Сыр бойында дүниеге келген. Арғы аталары Шаншар абыз, Бұлбұл, өз әкесі Келдібек – есімдері елге белгілі әділ билер болған. Қаз дауысты Қазыбектің оқыған жерлері, алған білімі туралы нақты дерек жоқ. Дегенмен, ел аузындағы әңгіме, аңыздар мен биден жеткен шешендік сөздер оның өз заманында білімді де жетелі, халықтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүр, рәміздерін, ата жолы заңдарын мейлінше мол меңгерген, озық ойлы, әділ де көреген, батыл да батыр адам болғандығын айқын аңғартады. Әділдігі мен алғырлығы үшін Тәуке хан Қазыбекті Орта жүздің Бас биі еткен. Би Әз Тәукенің тұсында хан кеңесінің белді мүшелерінің бірі болса, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай ел билеген кезеңдерде де мемлекет басқару ісіне жиі араласып, ішкі-сыртқы саясатта ақыл-кеңестер беріп отырған. Бидің жастық шағы мен бүкіл саналы өмірі қазақ елінің өз ішінде рулық-тайпалық алауыздықтар мен зандық билікке таластың неғұрлым өршіген, көрші мемлекеттердің көз тігуі жиілеп, Жоңғар шапқыншылығы үдей түскен кезеңге тап келді. Ел аузындағы аңыз-әңгімелерге қарағанда, ол Тәуке ханның белгілі би-батырлары бастаған елшілігіне ілесіп алғаш рет қалмақ қоңтайшысы Цэван Рабданға барғанында 14 жаста екен. Қылышынан қан тамған қаһарлы қалмақ ханының алдында қазақ билері жасқаншақтық танытып, күмілжіңкіреп қалған сәтте жасөспірім Қазыбек: «Дат, тақсыр!» деп жұлқынып алға шығады да: «Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзасына жылқының қылын таққан елміз. Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз. Бірақ асқақтаған хан болса – хан ордасын таптай білген елміз. Атада ұл туса – құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса – күң боламын деп тумайды, ұл мен қызын жатқа құл мен күң етіп отыра алмайтын елміз. Сен темір болсаң, біз көмірміз – еріткелі келгенбіз, қазақ-қалмақ баласын теліткелі келгенбіз. Танымайтын жат елге – танысқалы келгенбіз, танысуға көнбесең – шабысқалы келгенбіз. Сен қабылан болсаң, мен арыстан – алысқалы келгенбіз, тұиқыр сары желіммен жабысқалы келгенбіз. Білім берсең – жөніңді айт, бермесең – тұрысатын жеріңді айт!» – депті. Жас баланың бұл сөздерінен бас алыспақ батырлықты да, ынтымаққа шақырған ізгілікті де аңғарған қалмақ ханы әділдікке жығылып, өжетті мен шешендігіне риза болып: «Дауысың қадың дауысындай екен, бұдан былай сенің есімің Қаз дауысты Қазыбек болсын!» – деген екен. Соның арқасында елшілік жау қолындағы 90 тұтқанды шабылған мал, тоналған мүлігімен шашау шығармай қайтарып алып, елге олжалы оралған екен. Тәуке хан үйсін Төле, алшын Әйтеке, арғын Қазыбек билерге жаңа заң жобасын – «Жеті жарғыны» жасатып, Күлтөбенің басында бүкіл халық алдында қабылдатты. Ел «Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама» нәубетіне ұшырап, қатты күйзеліске түскен кезеңде Қазыбек би өзге де билермен бірге Сәмеке, Әбілмәмбет хандардың, Барақ, Батыр, Абылай сұлтандардың арасын жарастыруға күш салды, оларды өзара ынтымаққа шақырды. Орыс патшасымен достық қарым-қатынас орнатуды жақтады. Абылай сұлтан тұтқынға түсіп қалғанда Қазыбек би Абылайды құтқару үшін қолдан келген барлық дипломаттық айла-әрекеттерін жасаған. Би 1762 жылы Абылай сұлтанға Қытай боғдыханынан іргені аулақ салуға кеңес берген. Баласы Бекболат, одан кейінгі Тіленші, Алшыбайлар да дүйім жұртты аузына қаратқан әділ де тура билер болған. Белгілі әнші-композитор Мәди Бәпиұлы да Қазыбек би 1764 жылы Семізбұғы тауының етегіндегі Теректі қыстағында 97 жасында дүниеден өткен.
Тәуке ханның тұсында «Билер кеңесі» болды. Қазақ халқының ішкі саяси жүйесін реттеп отырған үш жүздің атақты үш-биі – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Қазақ хандығын тұтастыру мұратында іс қылған, мемлекеттілікті биік мұрат деп таныған, бір тайпаны дербес билеп, бөлінудің түбі кесір екенін, замана талабын түсінген данышпандар. Би ретінде адамшылық моральды сақтап, «Қаңға – қан, жанға – жан» дәстүрін жұмсартып, өлім жазасын құн кесумен алмастыруды енгізді. Өркениетке жетуде қоғам үшін мұндай заңдар маңызды.
Қанжығалы Бөгенбай батырдың жерленген жері

Арғын тайпасының қанжығалы руынан шыққан Қанжығалы Бөгенбай батыр – Абылай хан тұсындағы батыр, атақты қолбасшы. Қазақ жауынгерлері арасында зор беделге ие болған келіпті. Оның атасы – Әлдекүн, әкесі Ақша қанжығалы руы ішінде белгілі адамдар болған. Әз Тәуке хан оның әксіне 80 мың сарбаздан тұратын әскерге қолбасшы болуды сеніп тапсырған. Батырлығы мен қолбасшылық дарыны арқасында Бөгенбай үлкен құрметке бөленіп, ерлігі ел аузында аңызға айналып кетті. Бөгенбайдың қалмақтармен жәнне қытай әскерлерімен болған қиян-кескі шайқастардан көрсеткен қайраты сол кездегі жорық жырауларының толғауларында мәңгі өшпес өлең тілімен өрнектеліп қалды.
Өмірден көрген-түйгені көп, қазақтың жүздері мен батырларын таныған, заңды және қазақ-жоңғарлар арасындағы қиын жағдайды ғана емес жоңғарларға қарсы әскери әрекеттердің тарихын да жақсы білетін Тәуке хан елді билеп тұрғанкезде – 1710 жылы Қарақұмда қазақ жүздерінің Төле, Қазыбек және Әйтеке билер қатысқан жиыны өтіп, билермен бірге халық жасағы өкілі ретінде Бөгенбай батыр да сайланған. Бөгенбай батырға мұндай сенімділік танытуға оның бүкіл қазақ даласына тараған әскери қолбасшылық өнері мен 1710 жылғы Сары-Кеңгір өзені жағасында болған жоңғар ноянымен болған шайқастағы ерлігі себеп болды. Съезде қаралған басты мәселе Жоңғар хандығымен арадағы қатынас болды. Кейбіреулер руларды ғана емес, жүздердің басын біріктіріп, жоңғарларға қарсы шығып, оларды қуып шығу керек десе екінші біреулері жоңғар хандығы жағына шығу керек дегенді айтты. Көп пікірталастан кейінгі шешуші кез келгенде ортаға ашулы, қайсар Бөгенбай батыр шығады. Ақсақалдардың алдына шыққан ол семсерін аяғының астына тастап, көйлегін айырып кеудесін ашып жіберіп: «Жауымыздан есемізді қайтарамыз, тоналған жайлауымызды, тұтқындалған бабаларымызды көріп қарап отыра алмаймыз, өлсек қолымызға қару алып өлеміз. Қыпшақ даласының батырлары қай кезеңде бастарын төмен түсірген? Мен қолымды жауымның қанына бояған кезде сақалыма әлі ақ түмпеген еді! Қазіргі келімсектердің зорлығына қалай шыдаймын?! Біз әлі жүйрік аттардан кенде емеспіз. Әлі қорымсақта өткір ұшты садағамыз бар», – деді. Бөгенбай батырдың бұл сөзі жоңғар мәселесін шешудің шегі болды. Бұл сөзден кейін ешқайсысы ашық шығып сөйлей алмады. Қазақ жасағаның басшысы болып Бөгенбай сайланды.
Бөгенбай батырдың есімінен 1730 жылы көктемде Балқаш көлінің маңында қазақ пен қалмақтардың арасында болған шешуші Аңырақай шайқасы да тығыз байланысты. Бөгенбай, Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Жәнібек, Майлайсары сияқты атақты батырлар бастаған қазақ қолдары мен жасақтары қалмақ әскерлеріне екінші рет күйрете соққы берді. Бөгенбай батыр қартайған шағына дейін ат үстінде жүрген. 1756-1758 жылдары Бөгенбай батыр Талқы түбінде Шығыс Түркістанға алғаш рет аяқ басқан қытай әскерімен қиян-кескі шайқасқа қатысты. Бұл ұрыста ол қытайларды қырып-жойып талқандап, Үрімшіге дейін қуып барды. Бөгенбай батырдың ең ірі жорықтарының бірі 1750 жылы Аягөз өңірінде жеңіліске ұшырады. Осыдан кейін екі жақ мәмілеге келіп, достық келісім жасады. Бөгенбай батыр дана және аса зерделі адам болған. Ол 1761 жылы елшілік миссиямен Абылай ханның ұлы Әділді алып Қытайға барған. Батыр Торғай өзенінің жағасында қаза болған. Бұрын бұл жер «Бөгенбай сөресі» деп аталған, ал қазір «Шахта» деп аталады. Денесін қырық күн бальзамдағанан кейін 45 күнде екінші Мекке саналған Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи – Әзірет Сұлтан кесенесіне ақ түйемен алып барып жерлеген.

0 comments

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.