АБЫЛАЙ ХАН ЕСКЕРТКІШІ

Қазақ хандығы тарихындағы ең ұлы хандардың бірі Абылай (шын есімі Әбілмансұр) ханға арналған ескерткіш 2011 жылы Сайрам ауданы әкімдігі тарапынан орнатылды. Ескерткіштің тұғырымен қосқандағы биіктігі – 6,5 метрді құрайды. Авторлары – Н.Рүстемов, А.Мамырбаев.
Абылай (шын есімі Әбілмансұр) хан – 1771-1781 жылдар аралығында билік құрған қазақ ханы. Қазақ хандығы тарихындағы ең беделді хандардың бірі. Жәңгір ханның ұрпағы көркем Уәлидің баласы Әбілмансұр «ақтабан шұбырынды» жылдарында жетім қалып, үйсін Төле бидің қолына келеді. Аш-жалаңаштықтан жүдеген өңіне, өсіп кеткен шашына қарап Төле би оған «Сабалақ» деп ат қойып, түйесін бақтырады. Төле бидің тәлім-тәрбиесінде болуы Абылайға зор ықпал жасайды. Бала кезінен көрген жұпыны тіршілік, өмірлік тәжірибе Абылайдың ел өміріне ерте араласуына себепші болды.
1730-33 жылдар аралығында болған бір ұрыста бұрын белгісіз жас жігіт Әбілмансұр жекпе-жекке шығып, қалмақтың бас батыры, қоңтажы Қалдан Сереннің жақын туысы (кейбір деректерде күйеу баласы) Шарышты өлтіреді. Үлкен әкесінің аруағын шақырып, жауға Абылайлап ат қойған Әбілмансұр жеңісті ұрыстан соң, Орта жүздің сұлтаны деп танылып, қазақ даласындағы ең беделді әміршілердің біріне айналады. Осыдан бастап ел арасында Абылай атанып кетеді.
Абылай хан аса ірі қайраткер, қолбасшы ретінде өз өмірін қазақ халқының тұтастығын сақтауға, қазақ хандығының күшін біріктіріп, әскери жағынан қуатты мемлекетке айналдыруға арнады. Сол жолда талай жорықтарды басынан өткізді. Ел арасында аты аңызға айналып, жыр-дастандар жазылды. Тарихи деректерде Абылай хан Арыс өзені жағасында қайтыс болғандығы айтылады. Сүйегі қазіргі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ішінде қабірхана мен Ақсарай арасындағы дәлізде жерленген. Абылайдың артында 12 әйелінен 30 ұл, 40 қызы қалды. Қазақ халқының жадына Абылай қажырлы мемлекет қайраткері, батыл қолбасшы, дарынды дипломат ретінде сақталып келді. Оның есімі тәуелсіздік символында жауынгерлік ұранға айналды.

0 comments

Автор, мақала соңына пікір қалдыруға тыйым салды!