ҚАЖЫМҰҚАН МҰҢАЙТПАСОВ ЕСКЕРТКІШІ

Қазақ кәсіпқой күресі тарихында бұрын-сонды болмаған нәтижелерге қол жеткізіп, тұтас ғұмырын күрес өнеріне арнаған, өз заманында күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған балуан – Қажымұқан Мұңайтпасұлына арналған ескерткіш 2012 жылы Шәуілдір ауылы, Қ.Мұңайтпасов атындағы спорт сауықтыру орталығы алдында орнатылды. Ескерткіштің тұғырымен қосқандағы жалпы биіктігі – 3,5 метрді құрайды.
Қажы Мұқан Мұңайтпасұлы – 1871 жылғы 7 сәуірде Ақмола уезі, Қараөткел ауылында дүниеге келген. Кейбір деректерде, оның 1886 жылы туғандығы айтылады. Қажымұқан кедей шаруаның баласы болғандықтан, орыс байларына және дәулетті адамдарға жалданған. Сөйте жүріп, күреске түсіп, той томалақтарда елге көрініп, бала балуан деген атқа ие болған. Қажымұқанның тұңғыш рет әлемдік деңгейде көрінген шағы – 1906 жыл. Алманияда өткен дүниежүзілік сайыста ол әлем чемпионы атанады. Бірақ орыс әкімшілігіне бұратана халықтың атын шығарған палуан онша ұнай қоймайды. Сол үшін де Қажымұқан орыс палуандарының атымен күресуге мәжбүр болды. Қажымұқанға неше түрлі лақап аттар беріледі. Сол кездегі саясат бойынша, бізде тек орыстар ғана емес, жапондықтар да күреседі деген жарнамалар жасалып, Қажымұқанды «Ямагата Мухунури» деген лақап атпен күрестіреді. Сонымен қатар, Мухан, «Иван Чёрный» сияқты лақап есімдері болған. 1909 жылғы халықаралық палуандар жарысына ол «Қара Мұстафа» деген атпен шыққан. Сөйтіп бүкіл дүние жүзіне Мұқанның неше түрлі лақап аттары тарай бастайды. 1910 жылы Мұқан тұңғыш рет Оңтүстік Америка құрлығына табан тірейді. Аргентинаның астанасы Буэнос-Айрес қаласында өткен еркін күрестен болған біріншілікте ол Америка чемпионы атанады. Орасан күштің иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған қазақ алыбы теңдессіз өнерімен жер шарын аралады, 54 мемлекетте күреске түсіп, 48 медаль олжалады. Қажымұқандай мықты XX ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде қазақта ғана болды.Поляк қызымен отау құрып, Омбыда мешітке апарып, оған Бәтима деген ат беріп, Ислам дініне кіргізген. Патша үкіметі құлаған соң, балуанның отбасы азамат соғысы мен аштықтың салдарынан біраз сергелдеңге тап болады. 1937 жылы балуан Кеңес үкіметінің саяси қуғынға ұшыраған құрбандарының тізіміне ілігіп, отбасын қалдырып, Өзбекстан, Түркістан жерлерінде бас сауғалайды. Өмірінің соңғы кезеңі Түркістан жерінде өтеді. 1948 жылы қазіргі Түркістан облысының Ордабасы ауданы, Темірлан ауылында қайтыс болды. Одан тараған ұрпақтары бүгінде Түркістан, Ақмола қалаларында өмір сүруде.

0 comments

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.