+1.13
3 readers, 100 topics

«ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТТАР» АЛЛЕЯСЫ

Көп жылдар бойы Сайрам ауданының саяси-әлеуметтік қоғамдық өмірінің жақсаруына, ауданның гүлденіп, көркеюәне түрлі салаларда қызмет жасап, еңбек сіңірген құрметті азаматтарға арналған ескерткіш 2018 жылы Сайрам ауданының 90-жылдық мерейтойы қарсаңында, аудандық дендросаябақта орнатылды. Ескерткіш тақтайшаларға ауданға еңбегі сіңген төмендегі азаматтардың есімдері жазылды.
Толық оқу →

ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ АРДАГЕРЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ЕСКЕРТКІШ

Ұлы Отан соғысына қатысып, елінің тәуелсіздігі жолында жанын отқа салған батыр бабаларды еске алу мақсатында орнатылған ескерткіш 2011 жылы, Ұлы Жеңістің 66 жылдығы қарсаңында Ақсукент ауылындағы орталық дендросаябақта салтанатты түрде ашылды. Кешенде ауданнан шыққан және еңбегі сіңген Кеңес Одағының батырлары мен Социалистік Еңбек Ерлеріне алты арнайы бюст орнатылған. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысында 1942 жылы Ленинград қаласын қорғау кезінде әскери блокадада қаза болған жауынгер жерлестеріміздің топырағы (капсуласы) ленинград қаласы Пискарев мемориалынан алып келініп, арнайы ескерткіш тақтайша орнатылған. Төменде батырлардың өмірдеректері туралы қысқаша мәліметтерді оқи аласыз.
Толық оқу →

ШӘМШІ ҚАЛДАЯҚОВ ЕСКЕРТКІШІ

Аса көрнекті сазгер, ән жанрының майталманы, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, осы заманғы қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовқа арналған ескерткіш 2012 жылы Шәуілдір ауылының «Менің Қазақстаным» саябағында орнатылды. Авторы – Байменов. Бюсттің тұғырымен қосқандағы биіктігі – 3 метрді құрайды.
Шәмші Қалдаяқов – 1930 жылғы 15 тамызда қазіргі Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Бала кезінен бойындағы бар талантын алқалы жиын, аламан бәйгелерде көрсете білді. 1950 жылдан бастап шығармашылықпен түбегейлі түрде шұғылданды. 1956-1962 жж. Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясында В.В.Великанов класында оқыды. Шәмші әндері ғажайып саздылығымен, сылдырап аққан бұлақ суындай тап-таза сыңғырымен, лирикалық наздылығымен ерекшеленеді. Оның шығармашылық жағынан сіңірген еңбегі қазақ эстрадалық әндерінің әуенін ұлттық нақышпен құнарландыруында, яғни халықтық қайнармен қабыстыруында жатыр.
Толық оқу →

ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ ЕСКЕРТКІШІ

Халқының ұлттық мәдениеті, ана тілі, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып, жаңғыруына елеулі үлес қосқан қазақтың нар тұлғаларының бірі, мемлекет қайраткері, этнограф ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Өзбекәлі Жәнібековке арналған ескерткіш 2012 жылы, Шәуілдір ауылының Менің Қазақстаным саябағында орнатылды. Ескерткіштің тұғырымен қосқандағы биіктігі – 4 метрді құрайды.
Өзбекәлі Жәнібеков 1931 жылы 28 тамызда қазіргі Түркістан облысы, Отырар ауданының Сарықамыс ауылында дүниеге келген. 1952 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген соң қазіргі Түркістан облысының Келес ауданында мектеп мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1955 жылдан бастап Келес ауданы комсомол комитетінің 1-хатшысы, 1956-1961 жылдары Шымкент облысы комсомол комитетінің хатшысы, 1970-1975 жылдары Қазақстан компартиясы Торғай облысы комитетінің хатшысы, 1975 жылдан Қазақстан компартиясы ОК-нің шет елдермен байланыс бөлімінің меңгерушісі, 1977-1988 жылдары Қазақстан мәдениет министрінің орынбасары, мәдениет министрі, 1988-1991 жылдары Қазақстан компартиясы ОК-нің хатшысы қызметтерін атқарды.
Ө.Жәнібеков қызметі барысында қазақ халқының тарихына, мәдениеті мен салт-дәстүріне елеулі үлес қосты.
Толық оқу →

«ҮШ БИ» ЕСКЕРТКІШІ

Қазақ халқы тарихында ерекше рөл атқарған, өз заманында Үш Жүздің ақылды һәм данагөй ақсақалдары ретінде билік айтып, шешендігі, әділдігі, тапқырлығымен ел аузында аты аңызға айналған Ұлы Жүздің биі – Төлеби, Орта Жүздің биі – Қазыбек би, Кіші жүздің биі – Әйтеке билерге арналған «Үш би» ескерткіші – 2012 жылы, Шәуілдір ауылы орталығындағы Тәуелсіздікке 20 жыл саябағында орнатылды. Ескерткіштің тұғырымен қосқандағы биіктігі – 5 метрді құрайды.

ҰЛЫ ЖҮЗ БИІ – ТӨЛЕ БИ
Қазақтың қоғам қайраткері, сөз шебері, Ұлы жүздің төбе биі – Төле Әлібекұлы 1663 жылы қазіргі Жамбыл облысы, Шу өңірінде туған. Жастайынан әкесіне еріп жүріп ел көріп, жұрт таныған Төле қазақтың ақындық-шешендік өнерінен мол тағылым алды. Он бес жасынан бастап билікке араласып, өзінің ақыл-парасаттылығы, әділ шешімі, шешендік өнерімен ел арасында жоғары дәрежеге көтерілді. Қазыбек, Айтеке бидің қолдауымен үш жүзге төбе би болып сайланған Төле артында «бүтін билікке Төле би жеткен» деген сөз қалған тарихи тұлға.
Толық оқу →

ҚАЖЫМҰҚАН МҰҢАЙТПАСОВ ЕСКЕРТКІШІ

Қазақ кәсіпқой күресі тарихында бұрын-сонды болмаған нәтижелерге қол жеткізіп, тұтас ғұмырын күрес өнеріне арнаған, өз заманында күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған балуан – Қажымұқан Мұңайтпасұлына арналған ескерткіш 2012 жылы Шәуілдір ауылы, Қ.Мұңайтпасов атындағы спорт сауықтыру орталығы алдында орнатылды. Ескерткіштің тұғырымен қосқандағы жалпы биіктігі – 3,5 метрді құрайды.
Қажы Мұқан Мұңайтпасұлы – 1871 жылғы 7 сәуірде Ақмола уезі, Қараөткел ауылында дүниеге келген. Кейбір деректерде, оның 1886 жылы туғандығы айтылады. Қажымұқан кедей шаруаның баласы болғандықтан, орыс байларына және дәулетті адамдарға жалданған. Сөйте жүріп, күреске түсіп, той томалақтарда елге көрініп, бала балуан деген атқа ие болған. Қажымұқанның тұңғыш рет әлемдік деңгейде көрінген шағы – 1906 жыл.
Толық оқу →

ӘБУ НӘСІР ӘЛ-ФАРАБИ ЕСКЕРТКІШІ

ІХ-Х ғасырларда Фараб жерінде туылып өзінің ерекше талантымен әлемге танымал болған ғұлама, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз Әбу Нәсір әл-Фарабиге арналған ескерткіш 2012 жылы орнатылды. Ескерткіштің тұғырымен қосқандағы биіктігі – 3.5 метр.
Әл-Фараби, толық аты-жөні – Әбу Нәсір Мұхаммад ибн Мұхаммад Тархан ибн Узлағ әл-Фараби ат-Турки 870 жылы Арыс өзенінің Сырдарияға құя беріс сағасындағы ежелгі Отырар (Фараб) (қазіргі Түркістан облысының аймағы) қаласында дүниеге келген. Ғалым өмір сүрген ІХ-Х ғасырлар тарихта Ұлы Жібек Жолы бойындағы қалалар, әсіресе Орта Азия халықтарының экономикасы мен мәдениеті, ғылымы кең өркен жайған кезең болатын. Болашақ ғұлама алғашқы сауатын туған жерінде өз тілімен ашқанымен 15-16 жастарында білім іздеп Бағдат, Дамаск қалаларына аттанады. Әбу Насыр Әл-Фараби дүниеге келгенге дейін 126 жыл бұрын түркілердің үлкен мәдени орталығы болған Фараб қаласы бейбіт жолмен Ислам дінін қабылдаған болатын.
Толық оқу →

АСАНБАЙ АСҚАРОВ ПЕН ЖАМАЛБЕК ШАЙМЕРДЕНОВ ЕСКЕРТКІШІ

Қазақстанның мемлекет қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, соғыс ардагері Асанбай Асқарұлы мен көрнекті мемлекеттік және қоғам қайраткері, еңбек ардагері Жамалбек Шаймерденовке арналған ескерткіш 2012 жылы аудан орталығының ең көркем әрі жанға жайлы демалыс орындарының бірі «Даңқты бабалар» саяжолында салтанатты түрде ашылды. Ескерткіштің тұғырымен қосқандағы биіктігі – 4,7 метр.
Қазақстанның мемлекет қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, соғыс ардагері, экономика ғылымының кандидаты, Асанбай Асқарұлы оңтүстік өңірінің экономикасын көтеруге, халқының әл-ауқатын арттыруға елеулі еңбек сіңірген азаматтардың бірі. Ол кісі 1922 жылы 15 қыркүйекте Жамбыл облысы, Мерке ауданындағы Тәті ауылында туылған. Әкесінен ерте айрылып, жастық шағында-ақ көп қиыншылықтарды басынан өткізген Асанбай өзіне Алла Тағала берген зор дарынды өз орнымен пайдалана білді.
Толық оқу →

«ДАҢҚТЫ БАБАЛАР» САЯЖОЛЫ

«Даңқты бабалар» саяжолы – аудан орталығының ең көркем әрі жанға жайлы демалыс орындарының бірі. Саяжолға кіреберіс қақпа доға тәріздес 5 темір бағанаға орнатылған. Биіктігі – 3,8 метр, диаметрі – 32,5 метрді құрайды. Қақпаның маңдайшасы сұрғылт түсті алюкобондпен қапталған. Саяжолды бойлай ені – 8,2 метр, биіктігі – 3,7 метр 7 доға орнатылған. Оның қапталдарына мәрмәр тастармен қапталған ескерткіш тақталар орнатылып, оларға Фарабтан шыққан 31 ғұлама мен Арыстанбаб, ержүрек қолбасшы – Қайырхан, Кеңес Одағының батырлары – Т.Ибрагимов пен С.Әшіров, ғалым, мемлекет қайраткері – Өзбекәлі Жәнібеков, атақты сазгер Шәмші Қалдаяқов, Шәуілдір өңірін игерудің ұйымдастырушысы Д.Алтынбеков және т.б тұлғалардың есімдері ойып жазылған.
Толық оқу →